Талғардағы оқиға: Шерзат Полаттың отбасы әкімдік ұсынған көмектен бас тартты

Өртенген үйді қалпына келтіруге тапсырма берілді
Sputnik
АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Еңбекшіқазақ ауданындағы өрттен кейін облыс әкімідігі марқұм Шерзат Полаттың туыстарына уақытша баспана ұсынды. Бірақ олар бұл көмектен бас тартты, деп хабарлайды Алматы облысың әкімдігі.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданындағы өрттен кейін жедел штаб отырысын өткізді. Облыс басшысының айтуынша, әкімдік марқұмның отбасына көмектесу үшін бар күшін салады.
"Жағдай бақылауда, барлық құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Заңдылықты қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Барлық кінәлілер жауапқа тартылады", - деді Сұлтанғазиев.
Қазіргі кезде өртенген үйді толық қалпына келтіруге тапсырма берілді. Сонымен қатар, отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Әкімдік уақытша баспана да ұсынған. Бірақ Шерзат Полаттың ата-анасы бұл көмектен бас тартты.
"Зардап шегушілердің ата-анасының баспанасы болғандықтан, олар уақытша ұсынылған үйден бас тартты", - делінген ресми хабарламада.
4 қазанда Талғарда басбұзарлар 16 жастағы жасөспірімді өлтірді. Шерзат Полат дүкенде әкесіне көмектесіп жүргенде сатып алушының біреуі сыра үшін ақша төлемеймін деп шыққан. Содан жанжал басталды. Оқиға орнына бір топ адам келіп, жасөспірімді ғана емес, оның әкесі мен ағасын соққыға жықты. Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болды.
Шерзат Полаттың үйі өртенді: туыстары оқиғаның мән-жайын айтты