Шерзат Полаттың үйі өртенді: туыстары оқиғаның мән-жайын айтты

Талғарда төбелес кезінде пышақтап өлтіріп тастаған жасөспірімнің әкесінің үйінде бүгін түнде өрт шықты
Sputnik
АЛМАТЫ, 12 қазан - Sputnik. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында марқұм Шерзат Полатовтың үйін өртеп кетті. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Оқиға орнында құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр
Шерзаттың отбасы Азат ауылында тұрады. Туыстары өртті қаскүнемдер қасақана қойды деп отыр.
"Шерзаттың оқиғасы болардан бұрын осы үйде әкесі Қаржаубай отбасымен тұрған. Сол оқиғадан кейін Қаржаубай отбасымен әкесінің шаңырағына көшіп келіп, бәрі бір жерде жиналды. Өз басым сол үйдің тогын, газын үнемі тексеріп тұрамын. Өрт одан болған жоқ. Біздің ойымызша әдейі өртеді, бірақ нақты кім екенін білмейміз. Біз тіпті "өздері өрт қойып, бізге жала жапты деп өзімізге іс қозғай ма" деп те ойлап отырмыз", - дейді марқұм Шерзаттың жездесі Айғазы.
Бұл үй 2015 жылы салынған. Айғазыға өрт туралы 12 қазан түнгі сағат 01:00 шамасында Шерзаттың анасы хабарлап айтқан.
Оқиға орнында құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр
"Үй өртенгенге дейін күзет бермеді, ал ана "Хутордағы" күдіктілердің үйін күзетіп жүр. Полициядардың көліктері сол жақта тұрады", - дейді қайғы жұтқан үйдің туыстары.
Өрт шыққан үй
Бас прокуратура Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылғанын хабарлады.
Полиция мәліметіне сәйкес, марқұм Шерзат Полаттың отбасы полиция қызметкерлерінің қорғауына алынған.
Еске салсақ, 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірімді өлтірді. Шерзат Полат дүкенде әкесіне көмектесіп жүргенде сатып алушының біреуі сыра үшін ақша төлеуден бас тартқан. Содан жанжал шығып, екі жақ сөзге келіспей қалды. Оқиға орнына бір топ адам келіп, жасөспірімді ғана емес, оның әкесі мен ағасын соққыға жықты. Шерзат Болат пышақ жарақатынан қайтыс болды.