АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Мәскеу биржасы KASE акционерлерінен шығатыны туралы түбегейлі шешім қабылданды, деп хабарлады брифингте Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы Тимур Сүлейменов.
Сүлейменов Мәскеу биржасының бұл шешімін "дұрыс және кәсіби" деп атады.
"KASE пен Мәскеу биржасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім болды, жақсы жұмыс істеді, өзара технологияларды қолданды, тәжірибе жинақтады. Бірақ Мәскеу биржасы санкцияларға ұшырағаннан кейін, олар серіктес ретінде "біздің мәртебеміз KASE-ке кедергі жасайды" деді, сондықтан олар шығу туралы шешім қабылдады", - деп түсіндірді Сүлейменов.
Бүгінгі таңда KASE жеке акционерлік қоғам болып табылады, оның 47%-ға жуық үлесі Ұлттық банкке тиесілі.
"Біз (Ұлттық банк) акционерміз, бірақ олардың атынан сөйлеуге құқығымыз жоқ. Мәскеу биржасының орнын кім алғаны туралы әзірге айта алмаймыз", - деп түсіндірді ол.
KASE – Қазақстан қор биржасы. Мәскеу биржасының KASE-тегі үлесі 2024 жылдың маусымында 13,1%-ды құрады. Естеріңізге сала кетейік, 12 маусымда АҚШ Ресейге қарсы санкцияларын кеңейтті. Мәскеу биржасы да шектеулерге ұшырады.
Сол күні қаржы алаңы 13 маусымнан бастап доллар мен еуромен сауда-саттықты тоқтатқанын хабарлады. Кейінірек биржаның Гонконг долларымен де саудасын тоқтатқаны белгілі болды.
Ресей банкі АҚШ долларымен және еуромен операциялар биржадан тыс нарықта жасалатынын түсіндірді. Ресми бағамдарды анықтау үшін реттеуші банк есептері мен цифрлық биржадан тыс сауда платформаларынан алынған деректерді пайдаланады.