АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы 22 мыңнан астам қыз бала вакцинацияланды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Қыркүйек айының ортасынан бастап жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы саналатын адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпыұлттық вакцинациялау басталды.
"Бүгінгі күні республика бойынша АПВ-ға қарсы вакцинациялаудың күнделікті мониторингінің нәтижелері бойынша 22,2 мың бала, оның ішінде 11 жаста – 14 мың бала, 12-13 жаста-8,2 мың бала егілді", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған иммундау жүргізіледі. Бұл маңызды іс-шара елде қауіпті инфекцияның таралуын төмендетуге және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған.
Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдердің арасында ең көп таралған екінші қатерлі ісік және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің екінші себебі болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі.
Бүгінгі таңда АПВ вакцинасы әлемнің 135 елінде қолданылады. Бірқатар елдерде вакцинациялаудың арқасында әйелдердің арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.