"Толықтай тыйым салынсын!": Ринат Зайытов Алматыдағы "құрылтайға" қарсы шықты

Sputnik
АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ЛГБТ*-ны насихаттауға толығымен тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің бүгінгі отырысында Зайытов премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, "шыдамның шегіне жеткенін, ал намыстың тапталудан төзімі таусылған" мәлімдеді.
"Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр. Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ* мен феминита қауымдастығы. Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі", - дейді Зайытов.
Осы орайда депутат ондай ұйымдардың Алматы көшелерінде өрімдей жастарды жинап амитинг өткізетінін, тіпті,
2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған петиция шығарғанын да еске салды.
"Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?", - деп атап көрсетті Зайытов.
Депутат "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заңының 1-бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ*-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.
ЛГБТ* - Ресейде тыйым салынған ұйым
Аида Балаева ЛГБТ*-ны насихаттауға тыйым салуға қатысты бейнеүндеу жасады