АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр референдумнан кейін АЭС құрылысына қатысатын компаниялар қашан белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысына халықаралық консорциумды тарту қажеттігін айтқан.
Ондай консорциумға бір емес, бірнеше компания кіреді.
Бүгін үкіметте өткен брифингте премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр АЭС құрылысына халықаралық консорциумның тартылатынын растады. Бірақ оған кіретін компанияларды анықтау үшін құжаттар мен талаптарды әзірлеу керек. Атап айтқанда, алдымен бір жылдай техникалық-экономикалық негіздеме жасалады. Одан кейін бір-бір жарым жыл жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.
“Сосын тендер өткізіледі. Ашық, тек ашық тендер болады”,- деді Скляр.
Оның айтуынша, әзірше халықаралық консорциумға кіретін компаниялар белгісіз.
“Келесі жылы осы мәселесі бойынша барлық ақпарат болады. Консорциумға кімдер кіреді? Құжаттар қашан дайын болады? Мердігер мен жобалаушы компания бойынша шешім қашан қабылданады? Бұның бәрі белгілі болады”, - деп атап көрсетті вице-премьер.
Айта кетері, бүгін орталық референдум комиссиясы нақты нәтижені жариялады. Оған сәйкес, дауыс берген қазақстандықтардың 71,12 проценті АЭС салуды қолдады.