АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Қарағанды облысындағы "Саяқ – 3" шахтасында төтенше жағдай кезінде екі кенші қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, шахтада кенеттен көміртегі газы таралып, барлық жұмысшы жедел түрде эвакуацияланды.
Балхаш қаласының көпсалалы ауруханасына көміртегі тотығымен уланған бір адам түсті. Жағдайы орташа деңгейде.
"Зардап шеккендер жақын жердегі медициналық мекемелерге жеткізілді. Өкінішке қарай, екі жұмысшы қайтыс болды", - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде төтенше жағдайдың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
Қазақмыс ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Марқұмдардың отбасыларына қажетті барлық көмек көрсетіледі.