АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Қарағанды облысында 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр, деп хабарлады ТЖМ.
"Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі елді мекендеріне қауіп жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов қазір Қарағанды облысында. Далалық өрт сөндіру штабтары жұмысын жалғастыруда, ол жерде ТЖД басшылығы жүр.
"Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өрт сөндіру жұмыстарын қиындатуда", - деп толықтырды ведомство.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылды.
Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 30 рет 50-ден астам тонна көлемінде су төкті.
Ұлттық ұлан, Кувский орманшылығынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілді.
Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады.
Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы дала өрті 10 мың га алқапта оқшауланды.