АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Үндістаннан Таразға жөнелтілген 66,9 тонна күріш ұсынылған фитосанитарлық сертификатқа сәйкес келмеген, деп хабарлады Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі.
Маңғыстау облысында "Болашақ" фитосанитарлық бақылау бекетінің инспекторлары импортталатын карантинге жатқызылған өнімдерде фитосанитарлық талаптардың бұзылуын анықтады.
"Маңғыстау облысынан бөлек Қазақстанның басқа аймақтарында да заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Жамбыл облысында фитосанитарлық сертификаты болмағандықтан 22 тонна жаңғақ Қырғызстанға қайтарылған", - деп жазылған хабарламада.
Дәл осындай жағдай Қостанай облысындағы "Қайрақ" фитосанитарлық бақылау бекетінде де тіркеліп, Ресейге 22,9 тонна картоп қайтарылды.
Батыс Қазақстан облысындағы "Сырым" фитосанитарлық бақылау бекеті арқылы қажетті құжатсыз алма әкелу әрекетінің жолы кесілді.
Сондай-ақ, "Астана" халықаралық әуежайы фитосанитарлық бақылау бекетінде фитосанитарлық сертификаттары жоқ Ресейден келген көшеттер анықталды. Бұл жүк те импорттаушы елге қайтарылды.
Фитосанитарлық бақылау бекеттерінде басқа да фактілер анықталды. Барлық фактілер бойынша өнім иелеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.