АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Халықаралық іздеуде болған қылмыскер Қазақстанда ұсталды.
Интерполдың сұрауы бойынша Моңғолия азаматы Алматы әуежайында ұсталды. Ер адамға Польшаның құқық қорғау органдары іздеу жариялаған. Оған салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты, жалған құжат жасады және контрабанда жасады деген айып тағылып отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті Моңғолия дипломатиялық құжаттарын қолдан жасап, Польшаға акциздік және кедендік баж салығы салынатын тауарларды заңсыз тасымалдаған. Бұл 1,7 миллион қорап темекі түріндегі тауар және осының салдарынан мемлекетке шамамен 50 мың доллар көлемінде зиян келтірген.
Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады полиция.