АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. Биылғы сегіз айда Қазақстан туризміне салынған инвестиция көлемі 69% өсті, деп хабарлады ТСМ Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметі.
2024 жылдың алғашқы сегіз айында туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 527,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69%-ға көп. 2023 жылдың алғашқы 8 айында инвестициялар 311,8 млрд теңгені құраған.
Жыл соңына дейін елімізде 148 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде өңірлерде шамамен 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған бастамалар туристік инфрақұрылымды жақсартуға және туристерді көбірек тартуға бағытталған.
"Туристік секторға салынған инвестициялардың өсуі стратегиялық маңызды саланы дамытуға қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Туристік бағыттарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы Қазақстанды шетелдік және ішкі туристер үшін тартымды ете аламыз", - деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Биыл 64 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл да туристік саланы дамытуға және туристерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.