АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихында болмаған реформа жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Осы реформаның арқасында әкімдер институты айтарлықтай өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау енгізілді. Соның арқасында ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесі сынақтан өткізілді.
"Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар", - деді Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында.
Қазақстанда халықтың жартысына жуығы ауылды жерде тұрады. Ал реформаның арқасында көпшілігі үшін тікелей сайлау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды.
"Бұл жағдай жұрттың сайлау мәдениетін көтереді, саяси институттарды нығайтады. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашты. Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді", - деп атап көрсетті президент.
Оның айтуынша, шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс.
"Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады", - деді Тоқаев.