АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындардың 792,7 млн теңге шығыны өтелген. Бұл туралы бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше мұндай іс-шараны "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарықта ілгерілету мақсатында қолға алған.
"Өтінімдерді қарау нәтижесінде бірінші бағыт - еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша өтелген қаражаттың жалпы сомасы 772,6 млн теңгені құрады", - деп жазылған хабарламада.
Бұл бағыт бойынша өтінімдердің басым бөлігі Алматы қаласы (74), Алматы облысы (71), Шымкент (67) және Астана (55) қалаларынан келіп түсті.
Екінші бағыт - отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша өтелген сома 20,1 млн теңгені құрады.
Өтінім беру бойынша көшбасшы өңірлер Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары мен Алматы қаласы болды.
Салалық бөліністе өтінімдерді көбінесе машина жасау, тамақ және сусындар өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және металлургия секторындағы кәсіпорындар жіберген.