Алматыда Жамақаев көшесінде салынып жатқан Autograph ТҮК құрылысында заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды әкімдік.
Қала құрылысын бақылау басқармасы "Benta" ЖШС мердігерінің рұқсат етілген қабаттылықты асырғанын анықтады: жоба бойынша 3 қабат + техникалық қабат болуға тиіс, алайда іс жүзінде оңтүстік-батыс жағында 4 қабат, солтүстік-шығыс жағында 3 қабат салынған. Ғимараттың биіктігі 12 метрдің орнына 18 метрге жеткен.
Құрылыс жұмыстары тоқтатылып, компанияға бұзушылықтарды жоюға бір ай уақыт берілді. Нұсқама орындалмаса, сот талқылауы басталып, нысан жартылай бұзылуы мүмкін.
Еске салайық, 2022 жылы құрылыс ережесіне өзгерістер енгізілген болатын: Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан ғимараттар 3 қабаттан және жертөле қабаттан аспауы керек.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құрылысқа бақылауды күшейту тапсырмасы аясында былтыр жыл басынан бері 47 заңсыз нысан, соның ішінде "Мечта", KHAN, "Алма Гарден" және басқа тұрғын үй кешендері толық немесе жартылай сүрілді.