АЛМАТЫ, 25 қыркүйек – Sputnik. Кейбір БАҚ жедел жәрдемнің жұмысына қатысты өзгерістердің мәнін қате түсіндірді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
"Өзгерістер үйде қызмет көрсетуді тоқтатуды білдірмейді, мұны кейбір БАҚ дұрыс жеткізбеді, керісінше медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған", - деп хабарлады ведомство.
Денсаулық сақтау министрлігі түзетуге жедел жәрдемнің кешігіп келетіні туралы өтініштің көптеп түсуі себеп болғанын атап өтті. Ведомство талдау жүргізіп, жағдайды жақсарту үшін шешімдер ұсынған.
Талдау нәтижелері шақыртулардың 50%-дан астамы шұғылдықтың төртінші санатына жататынын көрсетті, бұл емханаларды қоса алғанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының (МСАК) бақылауындағы созылмалы аурулары бар пациенттерге қызмет көрсетуді білдіреді.
Осыған байланысты министрлік Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандартына және Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер жобасын әзірледі.
"Дәрігерді үйге шақыртуларды тіркеуге және үйдегі стационарларды ұйымдастыруға қатысты тармақтар құжаттың құрылымын жақсарту үшін жобаның басқа бөліміне ауыстырылды, бірақ олар күшінде қалады", - делінген хабарламада.
МСАК-тың медицина қызметкерлері алдыңғы стандарттың шеңберінде үйде көмек көрсетуді жалғастырады.