Кейбір науқастар жедел жәрдемді түнгі уақытта шақыра алмайды – ереже өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневАвтомобиль скорой помощи на дороге
Автомобиль скорой помощи на дороге - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.09.2024
Жазылу
Министрлік қарызға батпауы үшін осындай шешім қабылдап отыр
АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық жәрдемді шақырту ережесіне өзгеріс енгізді. Бұдан былай барлық науқас бірдей тәулік бойы шұғыл көмекті шақырта алмайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұйрықтың жобасы "Ашық НҚА" порталына қоғамдық талқылауға шығарылды. Оған сәйкес, жедел жәрдемді шақыратын адамдарды жағдайына қарай төрт санатқа бөледі. Олар:
1-ші санаттағы шақыру: шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін, өмірге тікелей қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
2-ші санаттағы шақыру: медициналық көмек көрсетусіз өмірге ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
3-ші санаттағы шақыру: медициналық көмек көрсетусіз денсаулыққа ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
4-ші санаттағы шақыру: пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде, ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылуынсыз, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың шиеленісуінен туындаған пациенттің жай-күйі;
Бұдан былай 4-ші санаттағы шақыруларға тәулік бойы қызмет көрсетпеуге қатысты өзгеріс те бар. Ондай науқастар жұмыс күндері 08:00-18:00 аралығында, сенбі күні 08:00-12:00 аралығында жедел жәрдемді шақырта алады. Ал жексенбіде демалыс болады.
Бұйрық жобасында әрбір санат бойынша жедел жәрдемнің пациентке жету уақыты да белгіленген.
1 шұғылдық санаты - 10 минутқа дейін;
2 шұғылдық санаты- 15 минутқа дейін;
3 шұғылдық санаты - 30 минутқа дейін;
4 шұғылдық санаты- 60 минутқа дейін.
Ал аурухананың мобильді бригадасы 120 минуттың ішінде пациентке бара алады.
Айта кетері, төртінші санатқа созылмалы аурулардың өршуі, аллергиялық аурулар, жеңіл жарақаттар (күйіктер, көгерулер), құсу, жәндіктердің шағуы, дене қызуының көтерілуі сияқты жағдайлар жатады. Бұйрықтағы өзгерістер 1,2 және 3-санаттағы қоңырауларға қатысы жоқ, оларға тәулік бойы қызмет көрсетіледі.
Ведомствоның хабарлауынша, қаржы жеткіліксіз. Министрлік қарызға батпауы үшін осындай шешім қабылдап отыр.
Жаңалықтар
0