АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазгидрометің он күннен артық нақты болжам бере алмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкімет отырысында вице-премьер биылғы су тасқынының салдарын жою шаралары бойынша есеп берді. Ал брифингте төтенше жағдайларды болжайтын жаңа жүйені құру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазгидромет он күннен артық нақты болжам бере алмайды.
"Қазгидрометте ең нақты болжам он күннен аспайды. Мен өзім министр болдым, осы саланы жақсы білемін. Ал айлық болжамның ықтималдылығы 50 процентке де жетпейді", - деді Бозымбаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде жергілікті жердің цифрлық рельефі жасалып жатыр. Бұдан бөлек, қар көп түсетін жерлерде 370-ден астам гидрологиялық бекетті орнату қажет.
"Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазгидромет қызметі қатты әлсіреп қалды. Біз барлық жүйені ретке келтіргеннен кейін жауған қардың көлемі, жердің неше метрге қатып тұрғаны, күннің қаншалықты жылдам жылынатыны және тағы басқа мәліметтер цифрлық форматта түсетін болады. Ал Қазгидромет шетелдік әріптестерімен, сондай-ақ, жер серіктерінен түсетін мәліметтермен жұмыс істесе, барынша нақты болжам бере алады", - деп атап көрсетті вице-премьер.
Бозымбаевтың сөзіне қарағанда, алдағы көктемге дейін "барлығы 100 процентке дайын болмайды". Бірақ жаңа жүйе іске қосылады.