АЛМАТЫ, 22 қыркүйек - Sputnik. Алматы облысы Кеген ауданында электр тогы соғып қайтыс болған нәрестенің ата-анасына Қазақтелеком компаниясы баспана берген болатын. Үйдің жағдайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Алматы облысы Кеген ауданы Шырғанақ ауылында көпбалалы отбасының бүлдіршіні электр тогы соғып, шетінеп кетті. Оқиға Қазақтелеком компаниясы өзінің желілерін кесіп жатқанда болған. Қайғылы оқиға болған екі күннен кейін компания отбасына баспана әперді.
Алматы облысы Кеген ауданы
© Айдана Дайырова
"Баспанамыз жылы. Бұған дейін басымызда үй де болмаған. Ауылда бір кісінің ескі үйін паналап жүр едік. Баламның орнын баспанамен толтыра алмаймын, бірақ қалған төрт ұлымның сирағы сыйып жатады, соған тәуба деймін" - дейді шетінеген бүлдіршіннің анасы Фарида Дәулетбақова.
Төрт бөлмелі үйдің қабырғасы қалың, жылу құбырлары ауыстырылған. 8 соттық жері бар.
Алматы облысы Кеген ауданы
© Айдана Дайырова
"Терезелері ағаштан жасалған, сапалы, ескірмеген. Едені де жақсы. Бір тонна көмір түсіріп алдым, қазір күн жылы, арасында суытқанда 3 шелек көмір жағамын, үй қызып кетеді. Қазақтелекомның берген 5 млн теңгесіне жаңа үйіме жаңа заттар алып, балаларымды бастан-аяқ киіндірдім", - дейді үй иесі.
Фарида ауылдық ауруханада жұмыс істеген, қазір балаларына қарап үйде отыр. Отағасы тауда малшы.
Алматы облысы Кеген ауданы
© Айдана Дайырова
Материалдық жағдайы жақсарғанымен, Фарида күн аралатып мазар басына барып, бүлдіршінін жоқтайтын айтады.