АЛМАТЫ, 21 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда ипотекалық несиелеу бір жылда 5%, ал бес жылда 3,5 есе өсті, деп хабарлады Ranking.kz.
Биылғы шілденің соңында тұрғын үй салуға және сатып алуға халыққа берілген кредиттер 5,9 трлн теңгеге жетті — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ке артық. Жалпы бес жылда ипотекалық кредиттеу нарығының көлемі 3,5 еседен астам өсті.
2010 - 2017 жылдары ипотекалық қарыздардың көлемі іс жүзінде өзгермеген, ал 2018 жылдан бастап айтарлықтай өскен.
Дәл осы сәттен бастап Қазақстанда тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесін іске асыратын Отбасы банкі тарапынан кредиттеу артқан. Бүгінгі таңда Отбасы банкінің несие портфелі 3,2 трлн теңгені немесе ипотека нарығының 55%-ін құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ке артық. Бұл ретте бес жыл ішінде банктің несие портфелі 3,5 еседен астам, ал онжылдықта 15 еседен астам өсті.
Бүгінгі таңда 1 900-ден астам қазақстандық отбасы "Наурыз" бағдарламасы бойынша қоныс тойын атап өтті, тағы 1734 адам "Отау" бағдарламасы бойынша қарыз алды. 5000-ға жуық адам қарыздар бойынша мақұлдау алды және сатып алуға қолайлы баспана іздеуде.