АЛМАТЫ, 19 қыркүйек – Sputnik. ІІМ криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын 650 млн теңгеден асады.
"Қарағанды қаласында 45 жастағы ер адам құрықталды. Ол 2018 жылы Ақтөбеде жүріп, елордадан жылжымайтын мүлік сатып алып берем деп алдап, 100 млн теңгені иемденген. Алматы қаласында 44 жастағы әйел ұсталды. Ол көкөністер мен жемістерді жеткізіп берем деп азаматтарды 516 млн теңгеден астам сомаға алдаған", - дейді ведомство.
Астана қаласының 60 жастағы тұрғыны өткен жылдың қыркүйек айында жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй сатып алу сылтауымен 30 млн теңге жымқырған.
"Сонымен қатар Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында 30 жастағы қазақстандық азамат құрықталды. Ол да алаяқтық жолмен ондаған миллион теңгені қалтаға басқан", – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Жалпы жыл басынан бері полиция 1360 қылмыскерді ұстап, 1000-нан астам жоғалған адамның орналасқан жерін анықтады.