АЛМАТЫ, 19 қыркүйек - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Жалпақсай ауылында тұрғын үйде газ жарылып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 18 қыркүйек 17:00 шамасында болған. Үйге газ пеші былтыр жаңадан қойылған, еш ақауы болмаған. Газ мамандары келіп тексеріп те кеткен. Газдың неден жарылғаны әзірше белгісіз. Үйде алпыстан асқан ерлі-зайыпты тұрған, ал бала-шағасы демалыс күндері келіп тұрған.
Алматы облысында газ жарылды
© Sputnik / Стрингер
"Мен өзім емделуге кеткен едім, 4 күн үйде болмадым. Күйеуіме үйде жалғыз отырасың ба, балаларға бара тұр дедім. Бірақ ол ылғи газ жарылып кетеді деп ешқайда бармайтын. Үйді күзетіп жүретін ", - дейді марқұмның әйелі.
Алматы облысында газ жарылды
© Sputnik / Стрингер
"Сол жарылыс болардың алдында немеремнің фотосын жіберіп еді. Еш нәрсені жүрегім сезбеді. Сол күні қаладан тоңазытқыш алдырып, оны үйге екі жігіт жеткізген. Екеуі тоңазытқышты көтеріп үйге кіріп келе жатқанда газ жарылған, екеуін бірнеше метрге лақтырып жіберген", - дейді үй иесі.
Жарылыстың күшті болғаны соншалық 4 бірдей көршінің терезесі шағылып, үй ішіндегі есіктердің топсасы ажырап кеткен. Ал бір үйдің қабырғасы құлап қалған.