АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Майқайың кенішіндегі автобус апатынан кейін шахтаның алты қызметкері қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Павлодар облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұған дейін тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
"Қылмыстық істі тергеу аясында "Майкаинзолото" АҚ-ның алты жауапты қызметкері ұсталып, Павлодар қалалық полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген ресми хабарламада.
Тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 277-бабы (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу) бойынша абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет үшін үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Майкаинзолото" АҚ аумағында үш құтқарушы мен жүргізуші мінген автобус шұңқырға құлап кеткен. Барлығы қаза тапты. Автобус жүргізушісінің денесі жарты жылдан кейін ғана табылды.