АСТАНА, 18 қыркүйек - Sputnik. Қазақстанның Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай сұйытылған мұнай газы тапшылығы мәселесін жабуды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін, 18 қыркүйекте мәжіліс отырысында энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеді.
Отырыста депутат Еділ Жаңбыршин вице-министрден елімізде биржаға шығу үшін сұйытылған газдың қажетті көлемі бола ма деп нақтылады.
"Біз Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында сұйытылған мұнай газын өндіруді жоспарлап отырмыз. Қашағанның көлемі жылына 800 мың тонна, Қарашығанақтан жылына 600-700 мың тонна болады", - деді Жамауов.
Вице-министрдің пікірінше, бұл шаралар 2030 жылға қарай сұйытылған газ тапшылығын жабуға мүмкіндік береді. Бұған дейін Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы оны өндірудің ұлғаюына қарамастан ай сайын 35 мың тонна болатыны айтылған болатын.