Алматы облысында үш адам құдыққа түсіп көз жұмды

Өлімге су құбырына жиналған улы газ себеп болуы мүмкін
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысы Кеген ауданының орталығында үш адам ауыз су құдығына түсіп көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қайғылы оқиға 16 қыркүйек сағат 20:29 шамасында болған. Қайтыс болғандардың екеуі әкелі-балалы кісілер. Бала 9-сыныпта оқыған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, марқұмдардың бірі 1968 жылы туған, "Алатау Жарық" компаниясында жүргізуші. Ал екінші марқұмның жасы 43-тe, "КазМясо" ЖШС жұмысшысы. Қайтыс болған үшінші адам Өдек Жаңабаев атындағы орта мектептің 9-шы сынып оқушысы.
Көршілерінің айтуынша сағат 18.30 шамасында № 22 үйдің жанындағы ауыз су құдығын өз беттерінше жөндеуге түскен. Ешқандай тиісті мекемелерге хабарламаған.
"Кегенде су проблемасы бұрыннан бар. Су болмай қалған кезде тұрғындар құдықты өздері ашып, су алудың амалын жасайды. Бұл жолы да құдықты ашқан сияқты. Бірақ олардың қалай түсіп кеткенін ешкім білмейді. Кеш батып, жақындары іздей бастаған кезде, құдықтың ашық тұрғанын көрген. Оларды тапқан кезде құдықтың іші суға толып, аяқ киімдері қалқып жүрген", - дейді марқұмдардың Мақпал Шадан есімді туысы.
Өлімге су құбырына жиналған улы газ себеп болуы мүмкін, оны сараптама қортындысы анықтайды.
Полиция тергеу басталғанын айтты.
"Қайтыс болған адамдардың денесі мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама жасалып жатыр", - дейді ведомство.