Миллиондап қаржы жымқырған бухгалтер Түркиядан экстрадицияланды

Ол жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған 27 миллион теңгеге жуық ақшалай қаражатты заңсыз иемденген
Sputnik
АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Түркиядан бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденді деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматы экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратура.
"Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Түркия Республикасынан Қазақстан азаматын экстрадициялады", - деп жазылған хабарламада.
Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы коммерциялық ұйымның бухгалтері бола отырып, төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған 27 миллион теңгеге жуық ақшалай қаражатты заңсыз иемденген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған, осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды.
Осы жылдың тамыз айында ол Түркия аумағында ұсталып, содан кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді.
Қазіргі уақытта аталған адам Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.