Енді кредит алудан шексіз мерзімге бас тартуға болады

Sputnik
АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Енді Қазақстан азаматтары eGov.kz порталында банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан шексіз уақытқа өз еркімен бас тарта алады, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Айта кетері, бұған дейін сервис 6 ай мерзімге ғана бас тартуға мүмкіндік беретін. Бұдан былай кредиттер мен шағын қарыздарды ресімдеуге мерзімсіз уақытқа тыйым салуға болады.
"Өтінімді азаматтың өзі ғана бере алады. Сондай-ақ пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Ол үшін eGov.kz порталында қызмет көрсетуді мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет", - деп жазылған хабарламада.
Қызметті алу үшін:
eGov.kz порталында авторизациядан өтіп,"Кеден және салықтар" бөліміне өтіңіз;
тізімнен "Экономика және қаржы" бөлімін таңдап, "Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту" қызметін таңдаңыз;
қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қойыңыз;
көрсетілетін қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысуға болады.
Бұрын белгіленген шектеулерді алып тастау үшін пайдаланушы:
"Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту" қызметін таңдаңыз;
"Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?" деген сұраққа "Иә" деп жауап беріңіз және қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қойыңыз.