Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік сабағы өткізіледі

Қауіпсіздік сабағы балабақшаларда да енгізілді. Ал мектеп оқушыларына цифрлық сауаттылық негіздері оқытылады
Sputnik
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында қауіпсіздік сабағы басталды. Бұл сабақ апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі, тақырып жылына үш рет қайталанады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
"Сабақ балалардың жас ерекшелігі мен даму деңгейін ескере отырып, олардың әртүрлі өмірлік жағдайда өз іс-әрекетіне сенімділігін қалыптастыруға бағытталған. Біздің міндетіміз – балаларға қажетті ақпаратты беріп қана қоймай, түрлі жағдайда дұрыс әрекет етуге үйрету", – деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Қауіпсіздік сабақтарында келесі тақырыптарға баса назар аударылады:
Балабақшалардағы ересек топтардағы балалар үшін (4 жас): Шұғыл қызметтер мен байланыс орталықтарының телефон нөмірлерін білу, шұғыл қызметке дұрыс қоңырау шалу, өзі туралы негізгі мәліметтерді есте сақтау, терезелерге байланысты қауіптерді ұғыну, сондай-ақ балалар алаңдарында, ойын орталықтары мен аттракциондарда өзін-өзі ұстау ережелерін қалыптастыру.
Бастауыш сынып балалары үшін: Су қоймасындағы қауіптер, есікті қағу кезінде қауіпті қалай тануға болады, бейтаныс адамдармен кездескенде қалай әрекет ету керек, мұз үстінде жүр қаупі, өзін-өзі қорғау, виртуалды достықтың қаупі және қаңғыбас иттер кезіккендегі сақтық шаралары.
Орта сынып балалары үшін: Қауіпті челленджер тақырыптары бойынша сабақтар, бөтен адамның шақыруын қабылдамау, көшедегі қауіпті нысандардан (мысалы, субұрқақтар, электр қалқандары) аулақ жүру, кибербуллинг және одан қорғану тәсілдері, ата-аналармен сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы, интернеттегі қауіптер, сондай-ақ баланың құқықтары мен міндеттері.
Жоғары сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері үшін: Алаяқтардың алдауына түспеу және өздерін табыстың күмәнді түрлерінен қорғау, онлайн-ойындардың тәуекелдерінен сақтану және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, теріс эмоциялар мен сөздерге қатысты дұрыс әрекет ету, қауіпсіз еңбек жағдайлары, ата-аналарға сенім және өз әрекеттері үшін жауапкершілік алу ережелері.
Айта кетері, сабақтар Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде жүргізіледі.