АЛМАТЫ, 12 қыркүйек – Sputnik. Жетісу облысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы мүгедектік құжатын ұзартқаны үшін пара алған, деп хабарлайды Жоғарғы сот.
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы делдалдар – Панфилов аудандық ауруханасының травматологы, Сарқан аудандық ауруханасының психиатры және Ақсу аудандық ауруханасының УЗИ дәрігері арқылы бес пара берушінің мүгедектігін ұзартқаны және белгілегені үшін бірнеше рет 450 мың теңге пара алған", - деп жазды ведомство.
Сот бір пара алушы, үш делдал мен 5 пара берушіге қатысты сот үкімін шығарды.
Сот шешімімен кінәлі деп танылған бөлімнің бұрыңғы басшысы яғни пара алған маман ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша 8,7 млн теңге айыппұл төлейді.
"Ал үш делдал - травматолог ҚК-нің 368-бабының 2-бөлігі бойынша 9 миллион теңге, психиатр мен УЗИ дәрігеріне ҚК-нің 368-бабының 1-бөлігі бойынша сәйкесінше 300 мың теңге және 700 мың теңге (параның 10 еселенген сомасы) айыппұл салуға үкім шығарды. Ал бес пара берушіге Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі бойынша 450 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынды", - дейді Жоғарғы сот.
Айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда төленбеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.