АЛМАТЫ, 11 қыркүйек – Sputnik. Жетісу облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасарлары жұмыс уақытында дәмханада ішімдік ішкен. Аудан басшыларының мәселесі әдеп кеңесінде қаралады, деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті.
Оқиғаның видеосы қыркүйек айында әлеуметтік желідегі "halyk_zhurnalist.kz" парақшасында жарияланған. Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасарлары жұмыс уақытында дәмханада отырып ішімдік ішкен.
"Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің" талаптарын бұзғаны үшін Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасарларына қатысты тәртіптік іс қозғап, қызметтік тергеп-тексеру жүргізіп жатыр", - дейді ведомство.
Олардың нәтижесі Жетісу облысының әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында қаралады.