АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Мәжілістің бір топ депутаты бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен 7 проценттік ипотека беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Ерлан Стамбековтың айтуынша, зейнетақы қорының қаржысын тұрғын үй нарығына салса, үстінен түсетін табыс та көп болады. Бүгінде қордағы қаражаттың инвестициялық табысы 3-4 процентті құрап отыр. Ал 7 проценттік ипотекамен халыққа таратқан жағдайда 12-13 проценттік табыс түседі. Сонда ипотека алатын жастар болашақ зейнеткерлердің, яғни, өз ата-анасының ақшасын көбейтеді.
"Осы бастаманы Отбасы банкі арқылы іске асырған жөн. Оған шамамен 1 трлн теңге қажет болады. Ал мемлекет бюджет қаржысын құрылысқа салмай, проценттік мөлшерлемені субсидиялап отырса болды. Оған 50-60 млрд теңге кетеді", - дейді Стамбеков.
Оның айтуынша, 7 проценттік ипотекамен баспана кезегінде тұрған мыңдаған адамның тұрғын үй мәселесін шешуге болады.
Осы орайда бір топ депутат үкімет басшысына сауал жолдап, бұл мәселені тағы бір қарап шығуды талап етті.