АСТАНА, 10 қыркүйек – Sputnik. Алматыда қала арқылы өтетін негізгі өзендерде көшкін қаупінің картасы әзірленеді. Бұл картаның маңызы қандай және қашан жасалады, Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Алматы қаласы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Темірлан Жапарбек сел қаупі картасы жасалатынын мәлімдеді.
"Алматы арқылы өтетін төрт негізгі өзенде – "Үлкен Алматы", "Кіші Алматы", "Қарғалы және Ақсай" көшкін қаупі картасын жасауға бюджеттік өтінім жолданды. Бұл картаны жасаудағы негізгі мақсат – тау бөктерінде салынатын құрылыс мәселесін шешу. Көшкін қаупі және сел қаупі бар учаскелердегі жерлерді салуға және беруге тыйым сала отырып, егжей-тегжейлі жоспарлау қарастырылуда. Жоба 3 жылға есептелген", - деп атап өтті Темірлан Жапарбек.
Айта кетері, Алматыда тау бөктеріне құрылыс салу тыйылмай жатыр. Қолдан-қолға өтіп сатыла беретін жер учаскелерінде баспана тұрғызатындарды ауыздықтау мүмкін болмай тұр.
Алматы қаласы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы билғы жылдың наурыз-шілде айлары аралығында қаланың 5 ауданының әкімдіктерімен бірлесіп көшкіндер бойынша проблемаларға талдау жүргізіп, тау бөктеріндегі елді мекендерді зерттеген.
"Сел қаупі картасын жасауға бюджеттен ақша бөліну керек, содан кейін мердігер мекеме табамыз. Бұл жұмыс келесі жылы басталады. Үш жыл толыққанды зерттеліп, ақпараттар жиналады. 2028 жылы пайдалануға беріледі. Негізгі мақсат – өзен маңына салынған құрылыстардың мәселесін шешу", - дейді Алматы қаласы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы мамандары.