Алматы облысында 11 адам сібір жарасын жұқтырған

Sputnik
АЛМАТЫ, 10 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкуен Ақсу ауылының 11 тұрғыны сібір жарасын жұқтырған. Қазіргі күні 16 адам ауруханаға жатқызылған, - деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
16 адамның төртеуінен ауру анықталмады, бір адамның зерттеу нәтижелерінің жауап әлі белгісіз. Ал 11 адамнан сібір жарасы анықталған
"Қазіргі уақытта аурудың таралуы байқалмайды, жағдай бақылауда. Біз өңір тұрғындарына тек тексерілген жерлерден ет және ет өнімдерін сатып алу, малға күтім жасау кезінде сақтық шараларын сақтауды ескертеміз", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Алмат Тұрысбекұлы
Жағдайға байланысты облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді. Олардың ішінде-эпидемиологиялық ошақты оқшаулау, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейту және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Айта кетейік, 3 қыркүйекте Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылында сібір жарасы анықталған. Ол кезде осы ауруды жұқтырды деген күдікпен 2-3 тұрғын ауруханаға жатқызылған болатын. Облыстық әкімдік ол кезде ауылды карантинге жаппай, уақытша шектеу енгізілгенін айтты.