Шымкентте сайттар арқылы адамдарды алдаған алаяқ ұсталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 тамыз – Sputnik. ІІМ криминалистері Шымкентте “дропперлерді” әшкереледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкенттік тұрғындар интернет-алаяқтардың құрығына түсіп қалды. Негізгі күдікті алаяқтық жолмен түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған “дропперлермен” бірге әрекет еткен.
"Жәбірленушілердің біріне алаяқтар әйгілі банктің акционері боласың деп алдаған. Әйел көрсетілген шотқа 500 мың теңге аударып, ақшасынан айырылған. Екінші жағдайда алаяқтар Instagram-да қымбат телефонды өте төмен бағамен сату туралы хабарландыру жариялаған. Бұған сенген тұрғын оларға 683 мың теңге аударған. Бірақ уәде етілген гаджет жеткізілмеген", - дейді ведомство.
ІІМ криминалистері заманауи цифрлық технологияларды қолданып, “дропперлерді” анықтап, негізгі күдіктіге шықты. Ұрланған қаражаттың барлығы зардап шеккендерге қайтарылды. Қылмыстық іс қозғалды.
"Сайттар мен ұйымдарды тексеріп алыңыздар. Кез келген күдікті әрекет туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлаңыздар. Қырағылық пен сақтық — кибералаяқтықтан қорғанудың ең тиімді тәсілі", – дейді полиция.