АЛМАТЫ, 6 тамыз - Sputnik. Паралимпиада күміс жүлдегері мерген Еркін Ғаббасов Астанаға жол жүріп бара жатыр. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне қандай сый-сияпаттарға ие болғанын айтты.
Париждегі Паралимпиадада Қазақстан қоржынына ең алғаш медаль салған мерген Еркін Ғаббасовтың ипотекасы жабылды.
"Ипотекамды жапты деп жатыр. Негізі ипотекам 5 млн 500 мың теңгедей болатын. Сосын 7 млн теңгенің сертификатын береміз деді. Бұл құрметті цифрлық даму министрлігі көрсетіп жатыр", - дейді күміс жүлдегер Еркін Ғабасов.
Жүлдегердің айтуынша, Азамттарға арналған үкімет 1 млн теңгенің сертификатын берген.
"Сондай-ақ қызметімді маманнан бас мамандыққа көтерді. Еңбегімді елеп жатқан барлық басшы мен мені қолдаған барлық жанкүйеріме ризамын. Қазақстанның қай спортшысы, қай азаматы болсын тек биіктерден көрінсе екен деп тілеймін", - дейді Еркін Ғаббасов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, қазақстандық спортшы Паралимпиадада әуесқой мылтықпен оқ атып, нысанаға дөп тиген. Дәл жарыс кезінде Еркіннің бұлшық еттері тартылып, жүрек қағысы күшейіп кеткен. Жерлесіміз қиындыққа қарамастан Қазақстанның қоржынына алғашқы медальды сыйлады.