АЛМАТЫ, 5 тамыз – Sputnik. Көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат пен 45-ке жуық құс қатысады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев хабарлады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын жануарларды орналастыруға арналған барлық орын қажетті ветеринариялық-санитарлық стандарттарға сәйкес келеді. Көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат қатысады.
"Олардың 114-і – ұлттық құраманың аттары, 300-і – көшпенділер ойындарына қатысатын командаларға жалға беруге алынып, дайындалған аттар, Қырғызстан, Моңғолия, ҚХР сияқты басқа елдерден өз аттарымен келе жатқан командалар бар. Көшпенділер ойындарына қатысатын жылқылар "Арғымақ" ат спорты кешенінде және "Қазанат" ипподромында орналастырылады", - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Ал дәстүрлі аңшылық өнер сайысына ("Құсбегілік") 45-ке жуық құс қатысады. Бұл ұлттық құраманың құстары, сондай-ақ Моңғолия мен Қырғызстаннан қырандар, сұңқарлар мен қаршығалар келеді деп жоспарлануда. Құстар Астаналық циркте орналастырылады.