АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясын ұсынды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтеді. Әр күн арнайы тақырыпқа арналады. Оның ішінде отбасылық дәстүрлер, неке жоспарлау, репродуктивті денсаулық, саналы ата-ана болу, отбасылық демалыс және басқа да тақырыптар бар.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мұндай форматтың мерекені кең ауқымда өткізуге және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Бүгінгі таңда отбасы мен некенің жағымды имиджін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, балаларының қарт ата-аналарына қамқорлық жасауы – ұлттық маңызы бар міндеттер", - деді Евгений Кочетов.
Сондай-ақ Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясын таныстыруға арналған брифингте отбасы саясатының негізгі бағыттары, мемлекеттік қолдау шаралары, "Қазақстандық отбасылар" ұлттық баяндамасында ұсынылған әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары туралы да айтылды.
Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 62,7%-ы отбасында қамқорлық, өзара құрмет көрсету және қолдау маңызды деп санайды. Одан кейін орында – махаббат (43,2%) және балалар (38,7%) мәселесі. Сондай-ақ зерттеу барысында еңбекқорлық, адалдық және үлкендерге құрмет көрсету – еліміздегі өскелең ұрпаққа үйретілетін басты құндылықтар екендігі анықталды.