Студенттердің миллиондаған өтемақысы қайтарылды

Sputnik
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Балқаш қаласында екі колледжде көпбалалы отбасыдан шыққан студенттерге тиісті өтемақының берілмегені анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан бас прокуратураға сілтеме жасап.
Заңға сәйкес, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын көпбалалы отбасыдан шыққан студенттер тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі шарт. Ал ыстық тамақ берілмесе, колледж білім басқармасы белгілеген тамақ құны көлемінде өтемақы төлеуге міндетті.
"Қабылданған қадағалау шараларының нәтижесінде екі колледжде көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге жалпы сомасы 4,7 млн теңге өтемақы аударылды", - дейді прокурорлар.
Сонымен қатар, Балқаш қаласындағы колледждерде оқитын және қаладан тыс жерде тұратын студенттердің қысқы-жазғы демалыс кезіндегі жол жүру ақылары өтелуі керек. Осы өтемақы да төленбеген болып шықты.
Прокурорлық қадағалау нәтижелері бойынша бір миллион теңгеден астам сома құрайтын төлемдер толығымен аударылды.