Маңғыстау облысында бірнеше балабақшаға 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Sputnik
АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысы прокуратура органдары өңірдегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын тексеріп жатыр. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Нәтижесінде санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі, еңбек заңнамасы, білім беру және медициналық қызмет салаларында бұзушылықтар анықталды.
Қазіргі уақытта аяқталған тексерулер бойынша 600-ге жуық әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Сондай-ақ, тексеру нәтижесімен 15 балабақшадан (3 мемлекеттік, 12 жеке меншік бала бақша) 72,2 млн теңгеге мемлекетке залал келтіру дерегі анықталды.
Атап айтқанда, 12 жеке меншік балабақшада қатыспаған балалар үшін негізсіз мемлекеттен 47 млн теңге көлемінде қаражат алған.
Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Бұдан бөлек, 3 мемлекеттік балабақшаның есепшілерімен 25 млн теңгеге қаражатты жымқыру дерегі анықталып, ҚК-тің 189-бабымен (жымқыру) 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.