АСТАНА, 20 тамыз – Sputnik. Әзербайжан Республикасының 50-ден астам әскери қызметшісі "Алтын қыран-2024" халықаралық тактикалық арнайы оқу-жаттығуына қатысу үшін Қазақстанға келді.
Олар қазақстандық десантшылармен бірлесіп, таулы жерлерде барлау міндеттерін орындайды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Қазақстан десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әзербайжан Республикасының Арнайы мақсаттағы күштерінің бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы алғаш рет өткізіліп отыр. Онда Әзербайжан әскери қызметшілері қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда алған нақты жауынгерлік тәжірибелерін бөліспек.
"Бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу кезінде біз барлау іс-қимылдарын жүргізу, таулы-шөлейт жерлерде заңсыз қарулы құралымдарды іздеп тауып, көзін жою секілді жауынгерлік әлеуетті дамытуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тиіспіз. Біздің мақсатымыз – жауынгерлік достастықты нығайту", – деп атап өтті штаб бастығы –Қазақстан Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Алмас Исабеков.
Әзербайжан Республикасының әскери қызметшілері барлық қажетті қару-жарақпен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу-жаттығудың жетекшісі Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің айтуынша, екі елдің әскери қызметшілер біріккен бөлімшелер құрамында барлау міндеттерін орындайды.
Әскери қызметшілер ашылу салтанатынан кейін бірден оқу-жаттығу өткізілетін ауданға автокөлік техникасымен 300 шақырымдық марш жасап жетті. Онда ертеңнен бастап оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кіріспек.
"Алтын қыран-2024" халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы 20-23 тамыз аралығында Жетісу облысының "Көктал" оқу полигонында өтеді. Оған екі елден үш жүзден астам әскери қызметші қатысады.