АЛМАТЫ, 17 тамыз - Sputnik. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында кәріз құбырына түсіп кеткен екі адам қайтыс болды, деп хабарлайды "Диапазон".
Оқиға 16 тамызда болған. Құтқарушылар "Ембі жылу - 3" кәріз сорғы станциясынан екі адамның денесін алып шықты. Екеуі де 58 жаста. Тағы екі адам метанмен уланып, жедел жәрдеммен Ембі ауруханасына жеткізілді.
"1971 және 1978 жылы туған екі ер адам соматикалық бөлімшеге жатқызылды, детоксикация терапиясы жүргізілді. Жағдайы қанағаттанарлық", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Полиция департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі "Еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бойынша тергеу басталды.