АСТАНА, 16 тамыз - Sputnik. Қызылорда облысында жыныстық мәжбүрліктен жапа шеккен қызға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Бұл туралы Қызылорда облысының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғанова әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді.
Айтуынша, оқиғадан кейін жасөспірімнің анасымен сөйлесіп, баламен кездесу өткізген.
Оперативті түрде балаға медициналық және психологиялық көмек көрсету жұмыстарын жүргізуге жәрдем жасалды.
"Арнайы кездесу уақыттары белгіленді. Алайда, анасы тарапынан айтылған себептерге орай кездесу жиілігі сақталмады. Кейінгі уақытта бала психолог мамандардың үш рет қабылдауында болды. Мұнан кейін Денсаулық сақтау басқармасы орынбасарының көмегімен бала толыққанды медициналық тексерулерден өткізілді. Дәрігерлердің кеңесімен баланы ауруханаға жатқызу ұсынылғанымен, анасы келісім бермеу туралы қолхатын берді. Бұл ретте анасы сұраған қолайлы уақытта учаскелік дәрігерлерді үйге шақыру көмектері де ұйымдастырылды. Бала толыққанды дәрігерлердің бақылауына алынды", - дейді уәкіл.
Тексерулерден кейін де жасөспірімге бірнеше рет психологиялық қолдау көмектері көрсетілді. Анасының айтуы бойынша, уақытылы алған көмектің нәтижесінде баланың жағдайында оң өзгерістер бар.
Тексерулерден кейін де жасөспірімге бірнеше рет психологиялық қолдау көмектері көрсетілді. Анасының айтуы бойынша, уақытылы алған көмектің нәтижесінде баланың жағдайында оң өзгерістер бар.
"Баланың қауіпсіздігін сақтау мақсатында полиция департаменті арқылы тәулік бойы үйінің аумағына күзет қызметі қойылды. Әрине, барлық іс-әрекеттер мен көмектер анасының келісіміне және баланың қалауына сәйкес жасалады", - дейді ол.
Алдағы кезеңде де мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан барлық көмектер уақытылы жасалатын болады.
Еске салсақ, Қызылордалық әйел сыныптасы қызын жезөкшелікке мәжбүрлеген деп дабыл қақты. Оның айтуынша қызы сегіз ай бойы жыныстық құлдықта болған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.