АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды жасаған қателіктерін мойындап, халықтан кешірім сұрады.
"Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс. Халқымызда "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" деген сөз бар. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын", - деді Сатыбалды соттағы сөзінде.
Ол елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білетінін атап өтті.
"Бұл – мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шығармайды. Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп-біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге жұмыс істеуіміз керек. Мен президентіміздің жүргізіп отырған саясатын толықтай қолдаймын", - деп толықтырды Сатыбалды.
Оның айтуынша, заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып,заң мен тәртіп болуға тиіс.
"Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және мемлекет басшысынан кешірім сұраймын", - деп түйіндеді Қайрат Сатыбалды.
Еске сала кетейік, Сатыбалдыұлының жазасы жеңілдетілді. Бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Ол қалған 3 жыл 3 ай жазасын шартты түрде өтейді.