Үйді бірге жалдап тұрған: Астанада жас жігіт көршісінің бөлмесіне ұрлыққа түсті

Кешке жұмыстан келген уақытта ерлі-зайыпты құнды алтын бұйымдарының жоғалғанын байқаған
Sputnik
АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Астанада полицейлер пәтерді бірге жалдап тұрған көршісінің алтындарын ұрлаған жігітті ұстады, деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Жәбірленуші күйеуімен бірге төрт бөлмелі пәтердің бөлмесін жалға алған, қалған бөлмелерінде басқа да жалға алушылар тұрған. Кешке жұмыстан келген уақытта ерлі-зайыпты құнды алтын бұйымдарының жоғалғанын байқаған.
"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында "Алматы" ауданы ПБ полицейлері ұрлықты аталған пәтерде тұратын көршілердің бірі жасағанын анықтады", - деп жазылған хабарламада.
19 жастағы азамат күндізгі уақытта ерлі-зайыптының жұмыста болғанын пайдаланып, бөлмеден алтын білезік пен алқаны ұрлағанын мойындады.
Полицейлер күдікті ұрланған зергерлік бұйымдарды ломбардқа өткізгенін анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылды.