Enbek.kz: құрылыс саласында 3000 бос орын ашылды

Sputnik
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Елде 190-ға жуық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы құрылыс саласы мамандарын дайындайды, деп хабарлайды 24KZ.
Алайда нарықтағы сұраныс шешілген жоқ. Әсіресе дәнекерлеуші, электрик, кран жүргізушілер тапшы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше елдегі 20 мың студент құрылыс бағытында білім алып жатыр. Былтыр түлеп ұшқан 5 мыңға жуық маманның 91% жұмысқа орналасқан. Алайда нарықтағы маман тапшылығы күн тәртібінен түскен жоқ. Қазірдің өзінде Enbek.kz порталында 3 мыңға жуық бос орын жарияланған. Әсіресе жол құрылысшылары, тас қалаушы, инженерлерге сұраныс көп.
Аймақтардағы маман тапшылығына қарай мемлекеттік тапсырыс беру қолға алынды. Енді түлектердің бірыңғай хабын түзу қажет. Бұл – Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығының ұсынысы. Ол тізімнен білікті мамандар мен нақты тапшылықты айқын көруге мүмкіндік болады.