Батыс Қазақстанда мыс кабельдерін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Ақсай қаласында мыс кабельдерін ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бөрлі аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері кәсіпорындардың бірінің қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып, үш жас жігітті қолға түсірді.
"Аталмыш топ Бөрлі ауданындағы мұнай-газ кәсіпорындарының біріне тиесілі мыс кабельдерді жымқырған. Сондай-ақ акционерлік қоғамдардың бірінің аккумулятор батареяларын ұрлаған. Ұсталғандар Ақсай қаласының тұрғындары екені анықталды. Олардың тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту шараларын жүргізу кезінде күдіктілерден ұрланған заттар жартылай тәркіленді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жымқырылған заттарды сатып алушыны анықтады", - делінген хабарламада.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Келтірілген шығын көлемі анықталуда. Ұрлық деректері бойынша 6 эпизод негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр