АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Қазақстандық палуан Әлішер Ерғали Париж Олимпиадасында жарсы жолын сәтті бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бірінші белдесуде Ерғали мысырлық Мостафа Элдерспен кездесті. Қазақ палуаны бірден шабуылға шығып, екі ұпайға ие болды. Бірақ қарсыласы есепті теңестіре білді. Ерғали тоқтаған жоқ, бар күшін салып, қарсыласын боз кілемнен шығарып жіберді. Сол үшін бір ұпайға ие болды. Ал челенджден кейін оған тағы бір ұпай қосылды. Белдесу кезінде Ерғали жарақат та алды. Алайда белсенділігін азайтқан жоқ. Соның арқасында тағы екі ұпай алып шықты. Қорытынды есеп: 6:2. Ерғали ширек финалға шықты.
Айта кетері, Қазақстаннан Парижге еркін күрестен төрт палуан барған. Олар – Юсуп Батырмырзаев (125 келі), Мейрамбек Қартбай (57 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі) пен Әлішер Ерғали (97 келі). Бұған дейін үшеуі жарыс жолынан шығып қалды.