АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 39 мыңнан астам адам тапсырды. Олардың 43%-ы шекті балл жинады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Орташа көрсеткіш – 75 балл. Ең жоғары балл – 132.
"Тестілеу қорытындысы бойынша 149 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 101 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды", - деп жазылған хабарламада.
Ал кешенді тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан 41 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Кешенді тестілеуге кіргізудің үш деңгейлі жүйесінің арқасында 3 бөгде тұлға анықталды. Сондай-ақ тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 4 адамның балы жойылды.
Айта кетері, ереже бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылы – 281) шамамен екі есеге азайды.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет. Магистратурада оқуға 13 мың грант бөлінді.