Тоқаев: Біз табиғи ресурстарға тәуел­діліктен біртіндеп арылуымыз қажет

Орталық Азияның жер жүзіндегі ең маңызды көлік-логистика және транзит хабтардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар
Sputnik
АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Орталық Азияның айналасында күрделі әскери-саяси ахуал сақталып отырған қазіргі жағдайда қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік саласында бірлесе әрекет жасау қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген мақаласында айтты.
"Өңірлік қауіпсіздік жүйе­сін құру, оның ішінде Орталық Азия­ның қауіпсіздігіне байланысты сын-қатерлер тізімін және оның алдын алу шараларын әзірлеу мәселесі өте өзекті", - деп жазды президент.
Оның айтуынша Орталық Азияда біртұтас қауіп­сіз­дік кеңістігін қалыптастыру, бұ­рын­нан бар және жаңадан пайда болған қауіп-қатерлерге қарсы күресуге қатысты негізгі түйткілдерді шешетін кешенді тәсілдер қарастыру, халықаралық, өңірлік ұйым­дармен белсенді ықпалдастық орнату аймақтағы мемлекеттердің ең басты басымдықтары саналады.
Екіншіден экономикалық әлеуе­тті одан әрі арттырып, ықпалдастықты тереңдету қажет.
"Өңірдегі мемлекеттердің бірлескен күш-жігері мен қуатты экономикалық әлеуетінің арқасында Орталық Азия аумағы сауда, инвестиция, ғылым және инновация саласында зор мүм­кін­діктері бар кеңістікке айналып отыр", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, хал­қының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнай­дың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біз­дің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өнді­ру­ден әлемде 10-шы, электр энергиясын өндіруден 19-орында тұр.
"Біз табиғи ресурстарға тәуел­діліктен біртіндеп арылуымыз қажет. Осы ретте медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық тех­нологиялар саласын қамтитын креативті индустрия мен цифрландыру ісі экономикаға тың серпін беретін күшке айнала алады. Өңір елдерінің осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеуге әлеуеті де жетеді", - деп атап өтті Тоқаев.
Өңірдің жер жүзіндегі ең маңызды көлік-логистика және транзит хабтардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.
Орталық Азия аймағы күн өт­кен сайын жаһандық көлік қатынас­тарының басты тармағына айналып келеді. Бұл ретте ең алдымен, Қы­тай­дың бастамасымен қолға алынған, болашағынан зор үміт күттіретін "Бір белдеу, бір жол" жобасын және "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін атап өтуге болады. Бұл жобаларға өңірдегі елдердің бәрі белгілі бір деңгейде қатысып жатыр.
"Қазақстан өзі­нің серіктестерімен бірлесіп, Транс­каспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) барынша дамытып жатыр. Осы бағытпен тасымалдана­тын жүк көлемі орта мерзімде бес есеге артуы мүмкін", - деді Тоқаев.
Қазақстанда теңіз инфрақұры­лымының, яғни Ақтау және Құрық айлақтарының дамуына байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Аталған порттар арқылы Қытайдан, Орталық Азия елдерінен Оңтүстік Кавказға, Түркияға, одан әрі Еуропа­ға жөнелтілетін жүк көлемі артып келеді.
Қазір Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін ашу қарас­ты­­­ры­лып жатыр. Бұл қадам Оңтүс­тік Азия елдерінің әлеуеті мол нарық­тарына және Үнді мұхитындағы айлақтарға шығуға жол ашады. Бұған осы өңірдегі бүкіл ел мүдделі.