"Тарихта алғаш рет өткіздік": Тоқаев Өзбекстан президентімен не туралы сөйлескенін айтты

Бүгін алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасы бекітіледі
Sputnik
АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен Ақордада шағын құрамда кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шағын құрамда бірқатар маңызды мәселе талқыланды.
"Бұл келіссөздер ашық әрі өзара қолдау рухында өтті. Біз қарым-қатынасымызды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенімізді тағы да растадық. Мақсат-міндеттерімізді айқындадық. Ғасырлар бойы қалыптасқан мызғымас достық пен бауырластықты бекемдей түсу, өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа белеске көтеру - екі елдің ортақ мақсаты",-деді Тоқаев.
Осы орайда президент бүгінгі Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы өте маңызды екенін ерекше атап өтті. Оны екі ел алғаш рет өткізіп отыр. Отырыста қабылданатын шешімдердің стратегиялық маңызы бар.
"Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлеміз. Былтыр одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын дамытуға айрықша серпін береді деп сенеміз", - деп түйіндеді Тоқаев.
Тоқаев Өзбекстан президентін Ақордада қабылдады