ХОК пен IBA текетіресі: Қазақстан боксшылары келесі Олимпиадаға қатыса ма

Sputnik
АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Халықаралық олимпиада комитеті Париж ойындарына IBA мамандарын жақындатқан жоқ. Ал 2028 жылы Лос-Анжелес Олимпиадасына қатысамын дейтін боксшыларға нақты талап қойылды. Ұлттық құрама оны орындамаған жағдайда төрт жылдың басты додасына қатыса алмайды. Бүгінде Қазақстанның Олимпиада комитеті өз ұстанымын жариялады. Алайда бокс федерациясы ондай өзгерістерге бара ма, жоқ па, ол жағы әзірше белгісіз.
Sputnik Қазақстан тілшісі ХОК пен IBA арасындағы текетірестің негізгі себептерін, сондай-ақ Токиодан бастап Қазақстан боксшыларының дайындығы неге күрт төмендеп кеткенін зерделеп көрді.

AIBA-ны не үшін шеттетті

Халықаралық бокс қауымдастығы (бұрынғы AIBA, қазіргі IBA - Sputnik) 2019 жылға дейін әуесқой бокстың басқарушы органы болған. Оған әлем бойынша жүздеген елдің бокс федерациясы кіреді. Осы ұйымның бастамасымен сан алуан халықаралық жарыстар да ұйымдастырылады. Олимпиада ойындарына кіретін бокс та бар. Бірақ Токиодан бастап халықаралық бокс қауымдастығы төрешілікке де, турнирді ұйымдастыру жұмыстарына да қатыспайды. Оны Париж Олимпиадасынан да шеттетті. Барлығы Рио Олимпиадасынан кейін басталды.
2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті AIBA-ны басқару мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Ақырында ұйымды 11 жыл бойы басқарған Чинг-Куо Ву отставкаға кетті. Оған өмір бойына AIBA-ның жұмысына араласуға тыйым салынды.
Ұйым басшылығына өзбек кәсіпкері Гафур Рахимов келгеннен кейін ХОК-пен арадағы қарым-қатынас ушыға түсті. АҚШ-та Рахимов ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ретінде санкциялық тізімде болды. Содан Халықаралық Олимпиада комитеті AIBA-мен ынтымақтастық байланыстарын тоқтататынын және боксты Токио ойындарының бағдарламасынан алып тастайтынын мәлімдеді. Рахимов отставкаға өз еркімен кетуге мәжбүр болды.
2020 жылдың соңында ресейлік Умар Кремлев AIBA-ның президенті болып сайланды. Ол бірден реформаға жасауға кірісті. Сол кезде профессор Маклареннің бастамасымен тәуелсіз тергеу жүргізілді. Соның нәтижесінде ресми тұлғалар мен төрешілер арасындағы жемқорлық анықталған болатын. Маклареннің есебіне сәйкес, Рио Олимпиадасында ұйымдастырылған кем дегенде 9 жекпе-жектің нәтижесі күдік туғызады.
ХОК боксты Токио Олимпидасының бағдарламасында қалдырды. Алайда оны AIBA емес, арнайы комиссия ұйымдастырды. Халықаралық бокс қауымдастығын Париж ойындарына да қатыстырған жоқ. Себебі "қажетті шарттар" орындалмады. Ал 2028 жылы Лос-Анжелес Олимпиадасына барғысы келетін боксшыларға нақты талап қойылып отыр.

ХОК-тың талабы қандай?

Қазіргі кезде бокс 2028 жылғы Олимпиаданың алдын ала бағдарламасына енгізілмей отыр. Бірақ тура сондай жағдай Токио мен Париждің алдында болған. Ақырында боксшылар бәсекесі өтті. Халықаралық Олимпиада комитетінің ендігі талабына сәйкес, төрт жылдан кейін Лос-Анжелеске барғысы келетін боксшылар IBA-дан шығуы қажет. Ол үшін ұлттық федерация ұйым мүшелігінен бас тартуы шарт.
"ХОК бокстан олимпиадалық жарыстарды өткізе алмайды. Осы мәселені шешу үшін жақсы басқарылатын және сенуге лайықты халықаралық ұйым ғана олимпиадалық боксты ұйымдастыруы қажет. Сол себепті ұлттық федерациясы IBA-ге кіретін кез келген боксшы 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайды. Ұлттық комитет ондай ұлттық бокс федерациясын өз қатарынан шығарып жіберуі керек", - делінген ХОК мәлімдемесінде.
Ал Қазақстанда Ұлттық Олимпиада комитетін Геннадий Головкин басқарады. Жақында танымал боксшы ХОК-тың берген "тапсырмасына" қатысты өз ұстанымын жариялады.

Головкин не дейді?

ҰОК президенті Геннадий Головкин ұлттық бокс федерациясының IBA-дан шығуына қарсы емес. Тіпті, ұйым басшылығын соған көндіруге тырысып жатыр.
"Біз өз тарапымыздан федерация World Boxing-ке қосылу қажеттігіне көз жеткізсін деп тарысып жатырмыз, соған көндіруге күш салып жатырмыз. Осы шешімге итермелей береміз. Бірақ Қазақстанның бокс федерациясы шешімді өзі қабылдайды, бұл – олардың еркін таңдауы, солардың шешімі", - дейді Головкин.
Оның айтуынша, Олимпиада ойындарында бокс сақталмаса, үлкен трагедия болады. Сондықтан барлығы тиімді бір шешімге келуі керек. Дегенмен "бағыт айқын, енді боксты Олимпиада бағдарламасында сақтап қалу үшін барын салу қажет".
World Boxing ұйымы былтыр АҚШ пен Ұлыбританияның бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде ұлттық бокс федерацияларының бір бөлігі соған ауысып кетті. Ал басқалары IBA қатарынан шығуға асықпай отыр.

IBA ұстанымы қандай?

Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ны "мойындайтын ұйымдар" қатарынан шығарып жібергеннен кейін Спорттық арбитраж сотына (CAS) арыз түсті. Бірақ сот ХОК-тың шешімін қолдады. Осыдан кейін Швейцарияның жоғарғы сотына шағымданды.
"Олар спортшыларға қысым жасап жатыр. Себебі IBA-да ғана чемпионаттардағы жүлделі орындар үшін сыйақылар төленеді. Біздің ұйымда ғана Ресей мен Беларусь спортшылары өз туымен және өз әнұранымен шыға алады. Біз тәуелсіз әрі ашық ұйымбыз, кемсітушілікке жол бермейміз", - дейді Умар Кремлев.
IBA басшысы ХОК-ты фашистерге теңеді. Себебі "олар спортшыларға ұлтына қарап, геноцид жасайды және саяси шешімдер қабылдайды". Ал спортта саясат болмауы керек.
Бұған дейін ХОК Украинадағы жағдайға байланысты ресейлік және белорус спортшылардың ұлттық нышандарды қолдануына тыйым салуға кеңес берген. Бірақ IBA ол талапты орындаған жоқ. Санкциялық тізімге кіретін "Газпром" компаниясымен демеушілік келісімшарттың мерзімі де аяқталды. Алайда IBA қазіргі қаржыландыру көздерін ашпай отыр. Дәл осы ақшадан спортшыларға үлкен сыйақылар төленеді.

Әрбір боксшыға – 50 мың доллар

IBA Париж Олимпиадасынан шеттетілсе де, чемпиондар мен жүлдегерлерге сыйқалар төленетінін мәлімдеді:
алтын медаль - 50 мың доллар (бұдан бөлек ұлттық федерация мен бапкер 25 мың доллардан алады);
күміс - 25 мың доллар (тағы 25 мың долларды федерация мен бапкер өзара бөліседі);
қола медаль үшін - 25 мың доллар (бұдан бөлек 12,5 мың долларды федерация мен бапкер өзара бөлісіп алады).
Олимпиада ойындарында төртінші және бесінші орын алған боксшылар да 10 мың доллардан алады. Жалпы, IBA-ның осы жолғы сыйақы қоры 3,1 млн долларды құрап отыр.
Бұған дейін бокстан әлем чемпионаттарында одан көп сыйақы берілген. Мәселен, былтыр Үндістанда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында IBA алтын медаль үшін 100 мың доллар төледі. Ал Өзбекстандағы ерлер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары 200 мың доллардан алды. Содан болар, бүгінде ұлттық бокс федерациялар IBA-дан шығуға асықпай отыр.

IBA-ның шеттетілуі қазақ боксына қалай әсер етті?

2016 жылы Рио Олимпиадасында бокс турнирін IBA (бұрынғы AIBA - Sputnik) мамандары ұйымдастырған. Сол кезде Қазақстанның үш боксшысы – Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов пен Данияр Елеусінов финалға шықты. Алғашқы екеуі күміс алса, Елеусінов алтын медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, Иван Дычко мен Дариға Шәкімова қола жүлдегер атанған болатын.
Токио Олимпиадасында боксты ХОК-тың арнайы комиссиясы өткізді. Екі боксшымыз – Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов жартылай финалдан аса алмай, қоланы қанағат тұтты. Ал Париж Олимпидасында бір боксшы – Нұрбек Оралбай ғана финалға шықты. Бірақ күміспен күптелді. Назым Қызайбай болса, қола жүлдегер атанды.
Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділовтың айтуынша, алдағы уақытта боксшыларды Олимпиадасыз қалдырмау үшін IBA-мен қош айтысуға тура келеді.
"Енді, жағдай белгілі ғой. IBA-дан шығатындар ғана ХОК-та қалады. Әрине, біз Халықаралық Олимпиада комитетімен бірге қалуымыз керек. Өйткені бокс сияқты көркем спорт түрі ойындардың бағдарламасында қала береді. Головкин де IBA-дан шығу керек екенін айтып отыр ғой", - деді Еділов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Тұрсынғали Еділов боксшылардың неліктен "шаршап жүргенін" түсіндірді